Ақтауда спортшыны зорлап өлтірді деген күдіктіге сот үкімі шықты

06.03.2024 16:44

Айыпталушы сот залынан бірден абақтыға жөнелтілді

Unsplash

Ақтауда спортшы Валерия Шальнованы зорлап, кейіннен денесін суға ағызып жіберген азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Тоғыз ай бойы қоғамды толқытқан істе марқұмның жігіті күдікті деп танылған еді. Айғақтар негізінде оның бойжеткеннің дәрменсіз күйін пайдаланып ұрып-соққаны, сондай-ақ азғындық жасағаны дәлелденді. Кейіннен қаскөй қылмысын жасыру үшін қызды тұншықтырып, суға тастаған. Күні кеше өткен сот отырысында осы қылмысқа кінәлі азаматты 22 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Айыпталушы сот залынан бірден абақтыға жөнелтілді. Ол қатаң режимдегі колонияда жазасын өтейді. Кінәлі тарап марқұмның отбасына 16 жарым млн теңге шамасында материалдық шығын өтеп, жерлеуге қажетті қаржыны тауып беруге міндеттелді.

– Сот істі әділ қарады және объективті үкім шығарды деп есептеймін. 22 жыл мерзімге кесті. Шешімге қанағаттанамын. Мұның бәрі көңілге демеу ғана. Қыршыннан қиылған қызымды қайтара алмаймын. Сол жаныма батады, – деді марқұмның анасы Светлана Шальнова.

Сотталушы Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабы бойынша кінәлі деп танылды. Бастапқыда полицейлер қылмыстық істі «Суицидке дейін жеткізу» бабы бойынша жүргізген. Қоғамдық толқудан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық істің бабын өзгерткен. Ал сотталушының кінәсі куәгерлердің сөзімен, заттай айғақтармен және сараптамалардың қорытындысымен дәлелденді.

– Айыпталушы сотта өзін еркін ұстады. Ол жасаған қылмысын мойындамады. Үкіммен келіспейтінін айтты. Менің ойымша, олар апелляциялық шағым түсіреді. Сот шешімінің күшіне енуіне әлі 15 күн бар, – деді адвокат Ажар Әбділ.

Оқи отырыңыз: Жалған ақша жасаушылар қолға түсті