Күдікті 10-нан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Семей қаласында білім орталығындағы оқу кабинетінен 11 келіден астам марихуана табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Семей қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары білім орталықтарының біріндегі ағылшын тілі пәні кабинетінен есірткі тапқан. Көп ұзамай есірткі тасымалдады деген күдікпен Алматы қаласының 36 жастағы тұрғыны ұсталды.
«Тінту барысында үстелдің астындағы қораптан өсімдік тектес зат табылды. Сараптама нәтижесімен анықталғандай, бұл кептірілген марихуана болып шықты. Оның жалпы салмағы 11 500 граммнан асады», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті 10-нан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.