Әйелдер колониясына телефон және ішімдік лақтырған ер адам ұсталды

12.03.2023 17:51

Ер адамға қатысты заңнамамен тиісті шаралар қабылданатын болады

фото: Алматы және Жетісу облысы ҚАЖД

Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖД қарасты №10 мекеменің жедел бөлім қызметкерлері тыйым салынған заттардың аумаққа кіру фактісін алдын алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.

Мекеме аумағына қара түсті пакет лақтырмақ болған ер азамат ұсталды. Скотчпен оралған түйіншектердің ішінен бес дана ұялы телефон, төрт дана қуаттандыру жүйесі және әрқайсысының көлемі 0,5 литр болатын төрт пластик ыдыстың ішінде спирт тәрізді иісі бар мөлдір түсті сұйықтық тәркіленді.

«Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 481-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік сотқа жіберілетін материалдар жиналды. Ер адамға қатысты заңнамамен тиісті шаралар қабылданатын болады», – деп атап өтті, ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Ашов.