Шымкентте қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар құрықталды

26.12.2023 17:55

Алаяқтардың тұзағына 150 адам түскен

Almaty.tv

Шымкентте «ЖК-OTAU KZ» қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар құрықталды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Екі азамат 2018 жылдан бері салымшылардан қаражат алып, оны басқа қатысушылар арасында қайта бөліп, 432 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген. Алаяқтардың тұзағына 150 адам түскен. Сот үкімімен кінәлі деп танылған олар алты жарым жылын абақтыда өтейді.

– Қаржы пирамидаларын құру үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертеміз. Заңда мүлкін тәркілеумен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Егер сіз қаржы пирамидасының құрбаны болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеу департаментіне хабарласуыңызды сұраймыз! – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Оқи отырыңыз: Атырауда қаржы пирамидасын құрғандар сотталды