Айыпталушының тонауға да қатысы бар екені анықталды
Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде әскери КамАЗ-ды басып алған ер адам ұсталды. Ол 27 жастағы Павлодар облысы Екібастұз қаласының тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қаласы комендатурасының ақпараттық орталығының мәліметінше, айыпталушының тонауға да қатысы бар екені анықталды.
Алатау ауданының полиция қызметкерлері күдіктіні «Өжет» ықшамауданында ұстады.
Одан қару-жарақ дүкенін тонау нәтижесінде ұрланған 30 патроны бар тегіс ұңғылы «Сайга» мылтығы тәркіленді.
Қылмыстық жолмен алынған тағы бірнеше атыс қаруын Алатау аудандық полиция қызметкерлері үш қасқөйден анықтады.
Қару-жарақ сататын дүкендерді тонау нәтижесінде олар «Аta-аrms», «Remington-700» және «Sauer-202» мылтықтарын оқ-дәрілерімен бірге заңсыз иемденген.
Күдіктілер қамауға алынды.