Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Алматы облысында жекеменшік балабақшаның бірінде 4 жасар қыз белгісіз затқа қақалып көз жұмды. Қазіргі таңда облыстық Полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, бүлдіршін түскі астан кейінгі ұйқыдан оянбаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бауыр еті – баласынан айырылған ана, кішкентайынан көз жазып қалған әке. Жалпы, бір әулет бүгінде қан жұтып отыр. Сондықтан журналистердің сұрағына жауап бермей, сұхбат беруден бас тартты. Алайда біз отбасы мүшелерімен телефон арқылы тілдестік.
«Заң бар ғой. Заң бойынша жұмыс істеліп жатыр. Бізге олардан ештеңе керек емес, ештеңе алмаймыз да, ештеңенің керегі жоқ», – дейді марқұм болған сәбидің туыстары.
Талғар қаласындағы жекеменшік балабақша қызметкерлерінің сөзінше, 4 жасар қыз түскі астан кейінгі ұйқыдан оянбаған. Жергілікті әкімдіктің мәліметі бойынша, баланың тамағына белгісіз зат тұрып қалып көз жұмды. Бүгінде жекеменшік бөбекжай қызметкерлері де қайғыдан қан жұтып, өздерін қоярға жер таппай отыр.
«Баланың қайғысына ата-анасымен бірге қайғырып отырмын. Таңнан кешке дейін көз алдымда жүрген баладан айырылып отырмын. Сұрақтарыңызға басқа жауап бере алмаймын», – деді жекеменшік балабақша директоры Ақмарал Әуесбекова.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұл жекеменшік балабақша 2015 жылы ашылған. Ал көз жұмған 4 жасар қыз 2020 жылдың желтоқсан айында қабылданған. Марқұм болған қыз тәрбиеленген топта одан бөлек тағы 24 бүлдіршін бар. Енді олардың ата-аналары осы оқиғадан кейін балаларына алаңдаулы.
«Он ойланып, бір шешімге келгенім жоқ. Бір жағынан, балабақша қыздарымды қарап беріп отыр, оның үстіне, бұған дейін ешқандай шағым болмаған. Енді мынандай орны толмас қайғының болғаны жүрегімізді ауыртты», – дейді ата-ана Алтынайым Тұрдалиева.
Бүгінге дейін әлеуметтік желіде 4 жасар қыз моншақ жұтып көз жұмды деген мәлімет тараған болатын. Алайда тексеру жұмыстарының нәтижесінде, баланың тамағына пластмасса зат тұрып қалғаны белгілі болды. Қазіргі таңда оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталды.
«Сот медициналық сараптама жүргізу кезінде баланың тамағынан қатты пластмасса зат табылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысы қатаң бақылауда», – деді облыстық ПД ресми өкілі Әбілтай Әбенов.
Ал облыстық білім басқармасы бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Себебі жекеменшік балабақшаларға жауапты емеспіз дейді. Ал кенже қызын жер қойнына тапсырған ата-ана баласының киім-кешегін иіскеп қалды.
Оразай Нұртай, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы