Лариса Пакқа қатысты қылмыстық істі тергеушілердің үстінен іс қозғалды

07.07.2022 в 23:03

Ол Фармация комитеті төрағасы міндетін атқарған

Almaty.tv


Фармация комитеті бұрынғы төрағасының міндетін атқарған Лариса Пакқа қатысты қылмыстық істі тергеушілердің үстінен іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тергеу-жедел тобы 2017 жылдан 2018 жылға дейін аталған істі қараған еді. Кейіннен қылмыс құрамының болмауына байланысты тергеу тоқтатылған. Ал 2019 жылдың 6 шілдесінде Лариса Пак қайтыс болды. 2020 жылдың 7 желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Лариса Пак толық ақталғанын хабарлаған болатын.

«Лариса Пакқа қатысты қылмыстық істі тергеуге қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы қызметкерлерінің рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының құқықтық мұрагері ретінде Лариса Пактың туыстарына қайғырып көңіл айтады және келтірілген зиян үшін ресми кешірім сұрайды», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов.