Ауыр жарақат алған азамат ес-түссіз еденге құлап, оқиға орнында көз жұмған
Досын өлтірген Түркістан қаласының тұрғыны 9 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, осы жылдың мамыр айында Түркістан қалалық полиция басқармасына қала тұрғындарының бірі көршісінің үйінде жанжал болып жатқанын хабарлаған.
Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер жанжал болған үйден орта жастағы азаматтың мәйітін тапқан. Тексеру барысында полицейлер кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен орта жастағы азаматты анықтап, ПБ-ға жеткізді.
Күдіктіден жауап алу барысында оның досымен бірге ішімдік ішкені белгілі болды. Ер адамдардың арасында 4 шөлмек арақты ішкеннен кейін жанжал туындаған. Салдарынан бірі екіншісінің маңдай тұсынан бірнеше рет соққы беріп, жарақат салған. Содан ауыр жарақат алған азамат ес-түссіз еденге құлап, оқиға орнында көз жұмған.
Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, қылмысы толық дәлелденді. Жинақталған құжаттардың барлығы сотқа жолданды. Сот 35 жастағы ер адамды кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.