Күдіктілер қамауға алынды
Тәжікстан азаматтары өз жерлесін ұрлап, ақша талап еткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тәжікстанның азаматы 1991 жылы туған М. есімді азаматтың жоғалып кеткені туралы полицияға оның жерлесі арызданған.
Ер адамның айтуынша, М. есімді азамат 13 тамызда досымен кездесуге кетіп, қайтып оралмаған.
«Тергеу-жедел тобы құрылды. Адам ұрлау дерегі бойынша (ҚР ҚК-нің 125-бабы) қылмыстық іс тіркелді. Ең алдымен, М.есімді азаматты ұрлап кеткенін, содан кейін біз оны қай жерде қамауда ұстағанын білдік. Жалға алынған пәтер Алматының Медеу ауданында орналасқан. Полиция арнайы жасақтарының көмегімен іс-шара жүргізілді. 20 мың доллар көлемінде өтемақы талап ету үшін отандасын ұрлап кеткен тәжікстандық алты азамат ұсталды. Олар оны ұрып-соғып, бүкіл процесті видеоға түсірген», – дейді Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес Басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев.
Күдіктілер қамауға алынды. Олар УҰИ-на орналастырылды.
ҚР ҚПК-нің 201 бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.