Сәби дүниеге келмей тұрып әйелдің шотына 2 миллион 300 мың теңге түскен
Атырауда балаларын саудаға салған безбүйрек ана 8 жылға сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол ең алдымен алдын ала келіскен отбасыға бір баласын сатқан. Кейіннен тағы жүкті екенін біліп, әлі дүниеге келмеген сәбиінің болашақ ата-анасын іздеуге кіріскен. Бір емес, екі бірдей отбасымен келіскен әйел олардан бала тумай тұрып 2 миллион 300 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көріпті. Жатырдағы баласын пайда көзіне айналдырған ана арада уақыт өткен соң нәрестесін о баста уағдаласқандарға емес, өзге отбасылық жұпқа саудалайды. Сәби дүниеге келгенше әйелдің шотына ақша аударып тұрған азаматтар баланы қолға алған соң, әкелікті анықтап, туу куәлігіне өз атын жазып үлгерген. Безбүйрек анадан бөлек, бала саудасына қатысы бар азаматтар да бас бостандығынан айырылды.
– Сот үкімімен бір сотталушыға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ал қалғандарына Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігі бойынша шартты түрде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық іс апелляциялық тәртіпте қаралды. Атырау облыстық Қылмыстық істері жөніндегі сот алқасының қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз, сотталғандар мен адвокаттардың апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды, – деді облыстық соттың баспасөз хатшысы Мейрамгүл Өтеғұлова.
Оқи отырыңыз: Жүрсіннің жүйрігі: белгілі ақын 6 жылға сотталды