Алматыда есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

05.09.2023 18:38

Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды

Polisia.kz

Алматыда полицейлердің арнайы іс-шара кезінде қылмыстық топтан кокаин тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қалалық прокуратураның үйлестіруімен ұзақ уақыт бойы элиталық кокаин есірткісін сатумен айналысып келген қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті. Кешенді жедел іс-шара барысында күдіктілердің қылмыстық әрекеттері анықталды. Олардың ауыр және аса ауыр қылмысқа қатысы туралы айғақтар табылды. Топ мүшелерін ұстау кезінде кокаин есірткі заты тәркіленді.

Полицияға барлығы 5 адам жеткізіліп, оның екеуі қылмыстық топтың негізгі ұйымдастырушысы және белсенді қатысушысы екені белгілі болды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР ҚК-НІҢ 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-НІҢ 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.

Дереккөз: Polisia.kz. 

Оқи отырыңыз: Елімізде заңсыз тауар тасымалы азаймай тұр