ШҚО-да браконьерлер бір тоннадан астам шаян аулаған

01.11.2023 18:45

Олар мемлекетке 8 млн теңгеге жуық залал келтірді

ШҚО ПД баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысында браконьерлер бір тоннадан астам шаян аулап, мемлекетке 8 млн теңгеге жуық залал келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Тәртіп сақшылары «Күршім-Үлкен Нарын» тасжолында «Газель» жүк көлігін тоқтатқан. Тексеру барысында көліктен жалпы салмағы 1241 келі болатын 92 қап тірі шаян табылды. 

«Ұлан ауданының 44 жастағы тұрғыны бір тоннадан астам шаянды құжатсыз алып жүрген. Сотқа дейінгі тергеу барысында көлік жүргізушісі шаяндарды бұрын белгісіз адамдардан сатып алғанын, содан кейін оларды көлікке тиеп, сату үшін Өскемен қаласына жолға шыққанын жеткізді», - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күршім аудандық инспекциясының мәліметінше, осының салдарынан мемлекетке келтірілген залал сомасы – 7 712 000 теңге.

Қазіргі уақытта полицейлер ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігі (балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз аулау, жинау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.