«Дикий Арманды» қамауда ұстау мерзімі тағы екі айға ұзартылды

06.01.2023 18:51

Қылмыс әлемінің серкесі былтыр 7 қаңтарда ұсталған еді

Almaty.tv

«Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевті қамауда ұстау мерзімі тағы екі айға ұзартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысы бойынша ол 7 наурызға дейін темір торда болады. Еске сала кетсек, қылмыс әлемінің серкесі былтыр 7 қаңтарда ұсталған еді. Ал кеше Мәжіліс отырысында еліміздің бас прокуроры Жұмагелдиевтің қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы кураторы арқылы жұмыс істегенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол «халықтық кеңес» құруды көздеп, сол арқылы билікке өз талабын айтпақшы болған.

«2022 жылғы 29 желтоқсандағы сот қаулысымен сотқа дейінгі тергеу органы өтініші қанағаттандырылды. Азамат Жұмагелдиевқа қатысты қылмыстық іс материалдарымен танысу кезінде қамауда ұстау мерзімін 2023 жылдың 7 наурызына дейін ұзарту туралы санкция берілді», – деді  Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің басшысы Абай Жарылқасын.