Арнайы операция: Ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

26.07.2022 18:52

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі – 24 миллион теңге

жедел түсірілім

Еліміздің 3 қаласында жүргізілген арнайы операция нәтижесінде интернет алаяқтар тобы ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қызылордалық полицейлер талайды сан соқтырып, жеңіл жолмен ақша табатын әккілерді қолға түсірді. Алаяқтар былтырдан бастап тұрғындарға телефон арқылы хабарласып, туыстарының есірткімен ұсталғанын айтқан және оны босату үшін қомақты қаражат талап еткен. Жедел іздестіру барысында Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында бір-бірімен сыбайлас 8 адамнан құрылған қылмыстық топ ұсталды. Кейін олардың үйлерін тінту кезінде 17 ұялы телефон, бейтаныс тұлғалардың атына жасырын тіркелген 15 абонеттік нөмір және 60 азаматтың ЖСН табылып, айғақ зат ретінде тәркіленді.

«Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда облыстық полиция департаменті қызметкерлерімен интернет алаяқтарын ұстау сәтті аяқталды. Осы күнге дейін ұқсас фактілер бойынша облыс аумағында 32 қылмыстық іс тіркеліп, жәбірленушілерге келтірілген шығын 24 миллион теңгеге жуықтады», – деді Облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы Самат Ысқақов.