Ұсталғандардың басқа да заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр
Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде мародерлер қару-жарақ дүкенін қалай тонағанын айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Полиция департаментінің мәліметінше, қазір осы іске қатысты күдікті деп танылған 3 адам ұсталған. Оның екеуі Алматы облысының, біреуі Жамбыл облысының тұрғындары. Олардың жас шамалары 22 мен 24 аралығында. Біреуі бұрын сотты болған. Тұрақты жұмыстары жоқ. Оның айтуынша, оларға қару-жарақты тонауға белгісіз біреу бұйрық берген. Кейіннен ол оқиға орынынан ізін суытқан дейді күдіктілер.
- Бір бейтаныс жігіт көлігіме отырып, Шаляпин мен Саин көшелеріне жүруімді бұйырды. Мен бардым. Тонаудан кейін ол адам жоғалып кетті. Оның кім екенін, қайда кеткенін білмеймін.
- Не үшін алдың, қандай мақсат?
- Мақсат жоқ, жай әншейін алдым.
- Сендерге тапсырыс берген адам қайда кетті?
- Өзі бөлек кетті, сол жерден.
Күдікті азаматтардан 5 тегіс ұңғылы қару тәркіленді. Ұсталғандардың басқа да заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Еске салайық, Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде «Камерад» қару-жарақ дүкенін мародерлер тонап, түгін қалдырмай қиратып кеткен еді. Қазір дүкеннің шығын көлемі есептеліп, қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.