Екібастұзда кәсіпорын басшыларының қылмысы әшкереленді

13.04.2023 19:00

Олар 45,5 миллион теңге көлемінде материалдық залал келтірген

Almaty.tv

Екібастұзда тауар-материалдар ұрлаған автобаза басшыларының қылмысы әшкереленді. «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры лауазымды тұлғалармен біріге астыртын жұмыс атқарып келген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар өндіріске бөлінген жаңа қосалқы бөлшектерді сатып, пайда көрген. Енді 45,5 миллион теңге келемінде материалдық залал келтірді деген күдікке ілініп отыр. Қаржы мониторингі агенттігі ұсталғандардан сондай-ақ бірнеше жүк көлігінің қозғалтқышы мен беріліс қораптары тәркіленгенін мәлімдеді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Аталған тұлғалар ұсталып, ұрланған жүк көліктерінің қозғалтқыштары мен беріліс қораптары тәркіленді. Сот олардың кінәсін толық мойындауына байланысты күдіктілерге қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді», – деді ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.