Экс-денсаулық сақтау вице-министрі 500 млн теңгеден астам қаржыны талан-таражға салды деген күдікке ілінді

21.09.2020 20:44

Қазіргі кезде бұрынғы вице-министр Әбішевке қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр

aikyn.kz

Экс-денсаулық сақтау вице-министрі 500 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаржысын талан-таражға салды деген күдікке ілініп отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте дәл осылай деген Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элиманов бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке қатысты тергеу қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олжас Әбішев денсаулық сақтау вице-министрі болып 2018 жылы тағайындалған. Ол цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жетекшілік етті. Қазір ол дәп осы салаға бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Айта кету керек, бұған дейін бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Алик Шпекбаев хабарлаған болатын. Енді тергеу кезінде, Әбішевтың бұл қылмысты 2018 жылы, яғни коронавирус пандемиясынан көп бұрын жасағаны анықталды.

«Ол ақпараттық жүйені құруға бөлінген 500 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаржысын талан-таражға салды деген күдікке ілініп отыр. Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде», – деді ҚР Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элиманов.

Жанат Элиманов сондай-ақ, елордадағы Конгресс-Холлдың бұрынғы директоры өзінің бағынышты қызметкерлерінен  қылмыстық топ құрып, 1миллиард 800 миллион  теңгеден астам қаржы ұрлағанын хабарлады. Қазір Сәкен Әбдірахмановқа қатысты қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, баспасөз мәслихатында жалған купюраларды өткізген банктың әшкереленгені де жария етілді.  

«Шымкенттегі банктердің бірінде номиналы 500 еуро болатын жалған ақша купюраларын өткізу фактісі анықталды. Жалпы сомасы – 4 мың еуро. Бір қызығы, бұл қылмысты сол банктің бес қызметкері жасаған. Қылмыстық іс аяқталу сатысында», – деді ҚР Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элиманов.

Анықталғаны, биылғы жылдың тек 8 айында қылмыстық топты ұйымдастырушылар мен олардың мүшелеріне қатысты 44 қылмыстық іс қозғалды. Қырауар қаражатты қылмыстық жолмен қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысатын 60-тан астам ұйымдасқан топ анықталған.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» арнасы Нұр-Сұлтан