Қаңтар оқиғасы: ҰҚК-нің 11 қызметкері жауапқа тартылды

15.05.2023 19:13

Марат Қалқабаев комитет құрамында тиісті тексеру жүргізілгенін айтты

Almaty.tv

Қаңтар оқиғасы бойынша ҰҚК-нің 11 қызметкері жауапқа тартылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кейбір істер бойынша тергеу аяқталып, кінәлілер қылмыстық жауапкершілік арқалады. Мәжілістің жалпы отырысында Комитет төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев комитет құрамында тиісті тексеру жүргізілгенін айтты.

– Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК ауқымды қызметтік тексеріс жүргізді. Осы орайда бұйрық талаптары мен қызметті атқару тәртібіне, оның ішінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне қатысты елеулі өзгерістер енгізілді. Мұнымен қоса, бүгін талқыланып жатқан заң жобасында әр қызметкер іс-әрекетінің белгілі бір алгоритмі мен патриотизмді тәрбиелеуге бағытталған тиісті түзету көзделген, – деді ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев

Мәжілісте ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдардың қызмет етуі туралы заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Мәжіліс депутаты Айгүл Құспанның айтуынша, заң жобасының мақсаты – ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Құжат 2 кодекс пен 11 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

– Осы себепті терроризмге қарсы комиссия аясында жергілікті атқарушы органдарға діни экстремизмді алдын алуды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттік беру қажет. Ал терроризмге қарсы орталық осы жұмыстарды үйлестіріп, оған бас-көз болуы шарт деп есептейміз, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан.