Қылмыстың алдын алу үшін нақты жұмыс алгоритмі іске қосылды
Елімізде мал ұрлығы өршіп барады. Соңғы 1 жылда өзгенің төрт түлігін қолды еткен 59 қылмыстық топ ұсталған. Ұрланған 8,5 мың бас малдың тең жартысы иесіне қайтарылды. Барымташылар негізінен қараусыз жүрген қой, жылқы мен ірі қараны оңай олжа ететін көрінеді. Бұл туралы ІІМ хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Криминалдық полиция департаменті басқарма басшысының орынбасары Жандос Батырбековтың дерегінше, мал ұрлығының 75 пайызы жайылымда кездеседі. Қазір тап осындай қылмыстың алдын алу үшін нақты жұмыс алгоритмі іске қосылған.
– Өткен жыл ішінде республика аумағында «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы 4 рет ұйымдастырылып, оның екеуі қысқы соғым соятын кезінде өткізілді. Аталған іс-шараларды өткізу кезінде мал ұрлығына қатысы бар 450 адам, 75 қылмыстық топ ұсталды. 8,5 мыңнан астам ұрланған малдың 4,5 мыңы табылып, иелеріне қайтарылды, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті басқарма басшысының орынбасары Жандос Батырбеков.
Оқи отырыңыз: ІІМ мен ҰҚК ірі онлайн-казино желісін анықтады