Баламды қасақана өлтіруі мүмкін: Маңғыстауда көз жұмған сарбаздың әкесі әділ тергеуді талап етіп отыр

09.09.2024 20:06

Оқиға 7 қыркүйекте «Оймаша» полигонында болған

Almaty.tv

Маңғыстауда қатардағы сарбазға тапаншаның оғы тиіп, көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқиға 7 қыркүйекте «Оймаша» полигонында болған. Жауынгерлер өтіп жатқан жиын кезінде қару пайдаланған. Нәтижесінде кезекші қарауыл лейтенанты оқ атып, оқ қатардағы жауынгердің бетіне тиген. Қансыраған жас сарбаз ауруханаға жетпей, көз жұмған.

– Оқиғаны абайсызда болды деп жатыр. Мен оған келіспеймін. Баламды қасақана өлтіруі мүмкін. Атылған оқ сол көзінен кіріп, желкесінен шыққан. Мәйітті алып бара жатырмын. Мен барлық жауаптылардан әділ тергеуді жүргізуді және осы іске қатысы барлардың тиісті жазасын алуын талап етемін, – деді марқұмның әкесі Ербол Кунтинов.

Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Іс бойынша процестік прокурор тағайындалған. Ал тергеу барысы Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауында.

Тергеу органы күдіктіні ҚПК-нің 128-бабы тәртібімен ұстады және Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қажетті кешенді тергеу амалдары жүргізілуде, қылмыстың себептері мен өзге де мән-жайлар анықталуда. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа мәлімет жарияланбайды.

Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысындағы сарбаз өлімі: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады