Тәртіп сақшылары ұрылардың 32 және 34 жастағы тұрғындар екенін анықтады
Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйден велосипедтерді ұрлаған екі азамат ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жергілікті полиция басқармасына Шоқан Уәлиханов көшесінде орналасқан үйдің тұрғыны хабарласып, кіреберісте тұрған балалар велосипеді жоғалғанына шағымданған. Тәртіп сақшылары бірден іске кірісіп, ұрылардың 32 және 34 жастағы қала тұрғындары екенін анықтады.
Ең қызығы, олардың бұл әккі әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Еш алаңсыз таңсәріде қылмыс жасауға бел буғандар кіреберісте тұрған камераны байқамай, 5 велосипед пен 4 өрт сөндіру құрылғысын қолды қылған. Қазір олар қамаққа алынды.
«Аталмыш факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктілер Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шауленова.