Полиция 29 жастағы көлік жүргізушісін кездейсоқ тоқтатып тексерген
Қарағанды облысында Қызыл кітапқа енген жануарлардың 844 мүйізі тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңаарқа ауданында жүргізілген іс-шаралар барысында полиция 29 жастағы көлік жүргізушісін кездейсоқ тоқтатып тексерген. Соның нәтижесінде атуға болмайтын аңдардың мүйіздері анықталыпты. Қазір автокөлік тізгіншісінен бөлек, оның 2 сыбайласы ұсталды.
Еске сала кетейік, полиция қызметкерлері өткен жылы осы Жаңаарқа ауданында киік мүйіздерін сатумен айналысқан тұрақты топты ұстап, 274 мүйіз тәркілеген болатын. Сот шешімімен олардың бірі 4,5 жылға бас бостандығынан айырылса, тағы үш азамат 3,5 жылға шартты түрде қамауға алынған.
«Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы, 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бұл баптың санкциясына сәйкес мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров.