Жүрек жұтқан әйел: Павлодарда түнгі төбелесті тоқтатқан кім

24.12.2021 20:16

Облыстық Полиция департаменті төбелестің 22 желтоқсан күні болғанын растады

© Sputnik / stringer

Әлеуметтік желіде түн ішінде бірнеше адамның төбелесі түсірілген видео пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Кадрдан белгісіз адамдар көлікке отырып кеткеннен кейін бірнеше жігіт келіп төбелесіп жатқанын көруге болады. Олардың екі адамға жабылып, жұдырықтай бастаған. Сол арада қолына пакет ұстаған әйел келіп, араша түскен.

Облыстық полиция департаменті төбелестің 22 желтоқсан күні болғанын растады.

"Аталмыш факт полицияда тіркелген. Павлодар қаласында Н.Назарбаев даңғылы, 204-ші үйдің ауласында орын алды. Жеке тұлғалар анықталды. Тексеру жүргізілуде", – дейді департаментте.

Әйел адамның батылдығына тәнті болған желі қолданушылары "Жарайсың! Ана, әйел деген осындай болады!", "Жүрек жұтқан екен! Өз өмірін қатерге тігіп, төбелесті тоқтатқан. Қазіргі жастардан не күтеріңді білмейің", "Осындай  жағдайға бейжай қарамайтын адамдар көп болса екен!", деп пікір қалдырған.