Мемлекетке опасыздық жасады деген Шайхутдинов 7 жылға сотталды

07.10.2022 19:27

Ол мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды

Ашық дереккөзден

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік құпияларды жария ету, тыңшылық және мемлекеттік опасыздық фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

2022 жылғы 21 қыркүйекте Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты М. Шайхутдиновты (Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бұрынғы бірінші орынбасары) ҚР Қылмыстық кодексінің 185-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оны мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан және 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Қылмыстық іске қатысы бар Л.Скаковскийдің (ҚК-нің 175-б. 1б. – мемлекетке опасыздық жасау) және О.Жданның (ҚК-нің 176-б. – тыңшылық) кінәсі толық дәлелденді. Олар сәйкесінше 11 жыл 3 айға және 11 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Арнайы іс-шаралар кешенінің басқа да кезеңдерін іске асыруды ескере отырып, шет елдік арнаулы қызметтердің қай елге тиесілі екені және қылмыстық іске қатысы бар адамдар туралы өзге деректер жария етілуге жатпайды.