Жаппай төбелес: Ақтөбеде 18 жастағы азамат ажал құшты

28.05.2024 19:28

Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, олар пышақ қолданылып, қос тарап оқ атқан

Almaty.tv

Ақтөбеде жаппай төбелес болып, 18 жастағы азамат ажал құшты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тағы бірнеше жасөспірім жарақат алған. Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, олар пышақ қолданылып, қос тарап оқ атқан. Төбелестен зардап шеккендер қансыраған күйі ауруханаға жеткізілген. Ал жансақтау бөліміне өте ауыр жағдайда түскен азаматты амал алып қалу мүмкін болмады.

– Түнгі сағат 02:00 шамасында клиникалық өлім жағдайында жас жігіт ауруханаға жеткізілді. Қанша тырысқанымызбен, науқасты құтқара алмадық. Ал 2002-2006 жылы туған сегіз адамның жағдайы тұрақты. Оларға көмек көрсетіліп жатыр, – деді облыстық көпбейінді аурухананың травматологі Жасұлан Урумбаев.

Дәрігерлер «зардап шеккен өзге азаматтардың өміріне қауіп жоқ» дейді. Ал облыстық Полиция департаменті аталған қылмыстық іске қатысы бар деген 18 бен 22 жас аралығындағы күдіктілерді ұстады.  

– Полиция осы қылмысты жасады деген күдікпен 4 азаматты ізін суытпай анықтап, ұстады. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Адам өлтіру және бұзақылық» деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – деді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Оқи отырыңыз: Текелі қаласының тұрғындары ауыз суға ақша төлеуден бас тартты