Ақтөбеде ерлі-зайыптылар мүгедек арбасына таңылған адамды қайыр сұрауға мәжбүрлеген

03.04.2023 19:29

Осы арқылы күніне 5-6 мың теңге жинап отырған

ашық дереккөзден

Ақтөбелік жұп мүгедек арбасына таңылған адамды қайыр сұрауға мәжбүрлеу арқылы күніне 5-6 мың теңге пайда тауып отырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ақтөбе қаласында полиция қызметкерлері еріктілермен бірлесіп қайыр сұрауға мәжбүрлеу фактісін анықтады. Ақпан айында ерлі-зайыптылар 46 жастағы мүгедек арбаға таңылған ер адамды Шымкенттен Ақтөбеге әкеліп, қорқытып және зорлық-зомбылық жасау арқылы қайыр сұрауға мәжбүрлегені белгілі болды», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек онлайн брифингіде

Күдіктілер мүгедекті күн сайын таңертеңнен кешке дейін базарлардың маңында, ал жұма күндері мешіттердің жанында ұстаған.

Осы арқылы күніне 5-6 мың теңге жинап отырған. Ал түскен ақшаны түгелдей өздері иемденіп келген.

«Осы факті бойынша Қылмыстық кодестің 128-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жәбірленуші дағдарыс орталығына орналастырылды», - деді Шұғыла Тұрлыбек.