Мектеп дәретханасында ұрған: Ақтауда 9-сынып оқушысы ауруханаға түсті

13.11.2021 19:30

Дәрігерлер жасөспірімге бас миының гематомасы мен жақ сүйегі сынған деген диагноз қойған

Ақтауда 9-сынып оқушысы мектеп әжетханасында таяқ жеп, ауруханаға түсті. 

Ата-анасының айтуынша, қатар оқитын басқа сынып оқушылары баладан ақша бопсалаған. Ақша төлеуден бас тартқан соң оны мектеп әжетханасында ұрып-соққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Дәрігерлер жасөспірімге бас миының гематомасы мен жақ сүйегі сынған деген диагноз қойған. Баланың жағдайы ауыр деп бағалануда. Дәрігерлердің болжауынша, 14 жастағы жасөспірім ауруханада кем дегенде тағы екі апта болады.

КТК телеарнасына берген сұхбатында оқушының анасы Бибігүл Жонабаева ұлының әдеттегідей таңертең сабаққа кеткенін айтты. Біраз уақыттан кейін анасына телефон арқылы баласының соққыға жығылғанын айтқан.

"Қосарлас сыныптың бірнеше оқушысы сабақ үстінде оны шақырады. Белгілі болғандай, бұл олардың одан ақша бопсалағаны бірінші жағдайы емес. Ол тіпті сыныптан шығып, асханаға кіруге қорыққан. Төлеуден бас тартқан соң мектеп әжетханасында ұрып-соғады. Баламызды мектепке сау  жібердік. Енді бұған кім жауап береді?" – дейді ана.

Ата-аналар мұғалімдер мен мектеп инспекторы қайда қарап жүр екен деп таң қалды. Сонымен қатар бейнебақылаудың неліктен оқиғаны тоқтатуға көмектеспегені де белгісіз.

Мектеп директоры Зарухан Мамутова мектепте 36 бейнебақылау камерасы орнатылғанын айтты. Әрбір жазба бір ай сақталады екен. Бірақ әжетханаларда камера жоқ.

"Бізде профилактикалық іс-шаралар өткізілген сайын біз оқушыларға мінез-құлық ережелерін түсіндіреміз. Бұрын бізде мектепте мұндай жағдай болмаған. Сондықтан қазір біз ювеналды полицияның қатысуымен жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткіздік", – деді директор.

Баланың туыстары мектеп басшылығын жауапқа тартпақ болған. Бірақ білім ордасы бұл жағдайға өздері де таңғалғанын айтты. Олардың айтуынша, бұған дейін ата-аналардың ешқайсысынан бопсалау және жасөспірімдер арасындағы жанжалдар туралы арыз түспеген. Ал осы оқиғадан кейін жоғары сынып оқушыларымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.

Оқушыны соққыға жығу ісін енді кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комитет қарайтын болады.