Шымкент тұрғындарын 400 млн теңгеге алдап кеткендер ұсталды

28.01.2022 19:37

Алаяқтардың бір схема бойынша 500-ге жуық адамды алдағаны белгілі болды

Фото: ашық дереккөзден

Шымкентте азаматтарды 400 миллион теңгеге тақырға отырғызып кеткен алаяқтар ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Полицияға арызданған жәбірленушінің айтуынша, өткен жылы бөтен үш әйел оған тез байып кетудің қызықты схемасын ұсыныпты. Кейін тұрғынды 1 миллион теңге несие алуға көндіріп, соның 700 мыңын өздеріне алып қалыпты. Қарызды толықтай өзіміз жабамыз деп сендірген күдіктілер несие төлейтін уақыт жақындағанда із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл іске полиция араласып, алаяқтарды бейнекамералар арқылы іздепті. Соның нәтижесінде олардың жеке басы анықталып, қазір қамауға алынды.  

Тергеу барысында алаяқтардың бір схема бойынша 500-ге жуық адамды алдағаны белгілі болды. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 400 миллион теңгені құрайды. Күдіктілердің үшеуі де Түркістан облысының тұрғындары.  

«Полиция қызметкерлерінің жедел іс-шарасының нәтижесінде осы қылмысқа қатысты 3 әйел анықталып, олардың алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бірнеше рет қылмыс жасағаны анықталды», - деді Полиция департаменті АПБ тергеушісі Зайнидин Спандияр.

Теги: алаяқтық