Бауырсақ ішіне флешка салып, тергеу изоляторына өткізбек болған әйел ұсталды

24.03.2023 19:38

Осы факт бойынша хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды

ашық дереккөзден

Қызылорда облысында бауырсақ ішіне флешка салып, тергеу изоляторына өткізбек болған әйел анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №68 мекемесінде (тергеу изоляторы) сәлем-сауқат қабылдау бөлмесіндегі бақылаушы қызметкерлер тыйым салынған заттың ішкі ғимаратқа өтіп кетуінің алдын алды.

Заңға қарсы іс-әрекетке бармақ болған Т. есімді 62 жастағы әйел қамауда отырған қызына флешка жеткізбекші болған. Мекеменің қырағы бақылаушылары бұл егде жастағы әйел әкелген сәлем-сауқаттарын жіті тексеру барысында бауырсақ ішінен фольгаға оралған бір флешканы жасырып қойғанын анықтады. Осы факт бойынша хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.

Бүгінде сот шешімімен ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, алғашқы рет жасалынғандықтан, әкімшілік ескерту берілді.