6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
«Жылыойсу» МКК директоры аса ірі мөлшерде ақша жымқырғаны үшін сотталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол Атырау облысы Құлсары қаласы халқына сумен жабдықтау және канализациялық қызметтің тарифтерін негізсіз көтерген. Кәсіпорын басшысына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ведомство өкілдері тергеу кезінде аталған залал мөлшері толығымен мемлекетке қайтарылғанын хабарлады.
«Тергеу кезінде Құлсары қаласы және Жаңа Қаратон халқына сумен жабдықтау қызметтеріне бекітілген тарифтер 54,4 пайызға төмендетілді. Сот үкімен аталған кәсіпорын басшысы кінәлі деп танылып, мемлекеттік мекемелерде материалдық жауаптылығы бар басшы қызметімен айналысу құқығынан өмір бойы айыра отырып, 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.