Елордада Біртановтің ісіне қатысты басты сот отырысы өтті

27.05.2022 01:15

Ол 2020 жылы қазан айында ұсталған

Almaty.tv

Елордада Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты басты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл жолы айыпталушылардың қорғаушылары сот процесіне төрағалық еткен сотқа көңілдері толмайтынын айтып, шешімдерімен келіспейтіндерін білдірді. Алайда Сот бұл айып негізсіз деп тауып, қарсылықты қабылдамай тастады.

Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың соңында, яғни коронавирус пандемиясы кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын талан-таражға салды деген айыппен ұсталған болатын. Алайда кейін іс «лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды» деп өзгертілді. Тергеу органдары Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке 1 жарым млрд теңгені ысырап қылды деген айып тағып отыр. Дәлірек айтқанда, олар науқастар, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған, жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген. Алайда Олжас Әбішев бұл айыпты жоққа шығарып отыр.

«Мен өз қызметімді іске асыра пайдаланды дегенге сенбеймін. Себебі мен әрқашанда өз жұмысымды Заң бойынша, Конституция бойынша істеп келдім. Ол комиссия 21 адам қол қойды. Бірақ айып маған тағылып тұр», – деді Олжас Әбішев

Атышулы сот 2 жыл бойы тек онлайн өткізіліп келген еді. Бұл жолы Елжан Біртанов сот залына өзі келді.  Сот отырысында адвокаттар мемлекеттік айыптаушылар мен Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің процеске қатысу барысындағы статусына қатысты қарсылық білдірді. Қорғаушылардың сөзінше, Асқар Ақбаевтің әрі куәгер, әрі зардап шегуші ретінде қатысуы Қылмыстық процессуалдық кодекске қарама-қайшы әрекет. Алайда, сот бұл қарсылықты қабылдамай тастады.

«Енді Заңға сәйкес адвокатпен бірге мүмкіндігімізді талқылаймыз.  Осы шешімге қандай арыз беруге барамыз ба немесе қабылдаймыз ба, соған уақыт керек. Ақылдасамыз, содан кейін айтамыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов.

Түс ауа қайта басталған сот процесінде айыпталушы тараптың қорғаушылары төрағалық етуші сотты істі қараудан шеттетуді сұрады. Олардың сөзінше, істі қарау барысында сот бірнеше фактілерді ескермей, шешім шығарған. Алайда № 2 Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Әбінұр Қарабаев ол өтінішті қанағаттандырмады. Оның пікірінше, судья Әлкеновтың бұл істің нәтижесіне мүдделі екендігі туралы ешқандай дәлел жоқ.  

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан