Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды
Әуе рейсіне кешіккен жолаушы полицияға ұшақта жарылғыш зат бар деп хабарласып, кейін әзіл екендігін айтқан. Аталған азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
«1 қазан күні түскі уақытта «102» операторына белгісіз ер адамнан «Астана – Талдықорған» бағытындағы ұшақта жарылғыш зат жасырылғаны туралы хабарлама келді. Біраз уақыттан кейін ол қайта қоңырау шалып, бұл әзіл екендігін айтқан. Хабарламадан кейін жедел қызмет шұғыл оқиға орнына жетті», - делінген хабарламада.
Ресми ақпаратта айтылғандай, көлік полициясының қызметкерлері 37 жастағы ер адамды ұстаған және ол кінәсін мойындаған.
«Қоңырау шалған азаматтың Талдықорған қаласына ұшпақ болғандығы анықталды. Алайда рейске кешігіп, ол осылайша уақыт созбақ болған. Аталған факт ҚР ҚК-нің 273-бабының 1-бөлігі бойынша (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама) тіркелді», - дейді ведомстводан.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.