Алматыда ерлі-зайыпты заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Алматы қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын аяқтады.
«Алматы қаласының тұрғындары – ерлі-зайыпты бірлесе заңсыз ойынхана қызметін ашып, жұмыс істеп келген. Аталған ойынхананы заңда көрсетілген жерден тыс жерде ұйымдастырғаны анықталды.
Тексеріс барысында заңсыз жұмыс істеп келген электронды ойынхананың қызметі әшкереленіп, ол жерде ойыншылар мен жұмысшылар болғаны анықталды. Тінту кезінде 18 процессор, 19 монитор және кассадан 170 000 теңгеден астам қаражат тәркіленді», - делінген хабарламада.
Аталған қылмысты ұйымдастырушылар Қылмыстық кодекстің 307-бабы 2-бөлігі (заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша жауапкершілікке тартылып, оларға 2 жылға дейін мерзімдегі бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.