Мүрде екі шағын ауданды бөліп жатқан өзен жиегінен анықталған
Таразда өлген адамның денесі табылды. Мәйіт ер адам ба, әлде әйел ме, ол жағы әзірге белгісіз. Мүрде екі шағын ауданды бөліп жатқан өзен жиегінен анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дәл осы маңда Жасыл ел-Тараздың қызметкерлері каналды қоқыстан тазартып жатқан. Қалың қамысты ору кезінде жұмысшылардың бірі қапқа салынған мәйіті тауып алыпты. Зәресі үшқан ол дереу полицейлерді шақыртқан. Видеодан адамның денесі шіріп, тек сүйегі ғана қалғаны байқалады. Соған қарағанда, марқұм бірнеше жыл бұрын өлтірілген болуы мүмкін деген болжам бар. Дерекке қатысты сотқа дейінгі тегеу жұмыстары басталды. Ал, белгісіз мәйттің жеке басын анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
«Бұл дерекке қатысты Тараз қаласының полиция басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірісі басталып, табылған мәйіт сүйектерінің қалдықтарына сот медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта оның жеке басын анықтау мақсатында жедел іздестіру шаралары жүргізілуде», – деді Облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұқтарқұлова.