Ақтөбеде университет қызметкері студенттердің оқу ақысын жеке қажеттілігіне жұмсаған

04.09.2024 20:05

Келтірілген залал мөлшері 14 558 980 теңге

elements.envato.com

Халықаралық көлік-гуманитарлық университеті Ақтөбе филиалының жетекші маманы 2016-2023 жылдары аралығында студенттердің оқу ақысын жеке шотына аудартып отырған. Шығын 14,5 млн теңгеден асып, сотталушы шартты түрде бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Іс алдымен Ақтөбе қаласындағы №2 сотында қаралды.

Іс материалына сүйенсек, сотталушы 2016-2023 жылдар аралығында Халықаралық көлік-гуманитарлық университетінің жетекші маман болып жұмыс істеп, бірнеше рет студенттердің оқу ақысын өз жеке шотына аудартып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.

Тергеу Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша жүргізіліп, сотқа жетті. Келтірілген залал мөлшері 14 558 980 теңгені құрады.

Бірінші сатыдағы соттың шешімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Кейін іс апелляциялық сатыда қаралды. Онда сотталушының өкінетіні, шығын толық қайтарылғаны, кәмелетке толмаған 3 баласы бары ескерілді.

- Сот алқасы сотта анықталған мән-жайларды ескере отырып, сотталғанға баптың санкция шеңберінде бас бостандығын шектеу жазасын тағайындау мүмкін деген тұжырымға келді. Сот алқасы жазаның бұл түрі сотталғанның түзелуіне және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауын алдын-алуға жеткілікті деп санайды. Апелляциялық алқаның қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертіліп, Т-ға тағайындалған жаза 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды. Сонымен қатар сотталған азамат жылына 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылды. Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Қостанайда 50-ден астам гүлзарды талқандаған вандал ұсталды