Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген күдікті Грузиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Бас прокуратура мәліметіне сілтеме жасап.
Бүгін Қазақстан прокуратурасының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігі мен ІІМ Интерполының көмегімен аса ірі көлемде пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Грузиядан азаматты экстрадициялады.
"Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері бола тұра, 2022 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пункті арқылы ауыр жүк көліктерінің кедергісіз өтуіне көмек көрсеткені үшін кәсіпкерлік субъектілерінен 37,5 миллион теңге көлемінде пара алған деп күдіктеледі. Қылмысты жасағаннан кейін күдікті тергеуден жасырынып, халықаралық іздеу жарияланған", - делінген хабарламада.
2023 жылғы қазанда ол Грузияда ұсталған. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.