Петропавл тұрғыны арам өлген малдың етін еш құжатсыз сатпақ болған

18.11.2021 21:42

Мамандар екі күндік рейд кезінде осыған ұқсас 13 құқықбұзушылықты анықтаған

Almaty.tv

Петропавл қаласының тұрғыны арам өлген малдың етін еш құжатсыз сатпақ болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Базарлардың бірінде қолдануға жарамсыз ет өнімі анықталыпты. Тексеру кезінде малдың тиісінше сойылмағаны белгілі болды. Олар көлде суға батып өлген екен.

Ет тәркіленіп, ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мамандар екі күндік рейд кезінде осыған ұқсас 13 құқықбұзушылықты анықтаған. Мұндай тексеру жұмыстары ұрланған мал етінің сатылуын анықтауға және жолын кесуге бағытталған дейді полицейлер. Жедел-профилактикалық іс-шара аясында сондай-ақ, екі мал ұрлығы ашылып, заң бұзғандар жауапкершілікке тартылған.

«Мал ұрлығының алдын алу және ашу бойынша жедел жағдайды тұрақтандыру мақсатында 15-24 қараша аралығында Солтүстік Қазақстан облысы аумағында мал ұрлығымен байланысты қылмыстарды ашуға бағытталған «Мал ұрысы» республикалық жедел-профилактиалық іс-шарасы өткізілуде. Жыл басынан бері облыс бойынша мал ұрлығының 31 фактісі тіркелді, оның 26-ына қатысты іс ашылды», - деді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Құмарбек Жоламан.