Әлиевтер отбасы ұлы Рысбектің өліміне полиция қызметкерлерін кінәлайды

05.09.2024 20:09

Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды

Almaty.tv

Маңғыстауда Әлиевтер отбасы Рысбек Әлиевтің өліміне полиция қызметкерлерін кінәлайды. Олардың айтуынша, жігіттің төбелестен тіл тартпай кетуіне тәртіп сақшыларының салғырттығы себеп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Марқұм Рысбек Әлиев Шетпе ауылынан Ақтаудағы бөлесінің шаңырағына қонаққа келіп, көңілді отырыста екі ауылдасымен сөзге келіспей қалады. Артынша ерегес жаға ұстасуға жалғасады. Сол сәтте төбелес үстінен түскен үш полиция қызметкері жігіттерді пунктке апарып, көп ұзамай босатып жіберген. Ал марқұмның туыстары төбелеске қатысқандардың түгелдей мас күйде болғанын және Рысбектің оңбай таяқ жегенін тәртіп сақшылары көргенін айтты.  Олардың айтуынша учаскелік полиция қызметкерлері қоғамдық тыныштықты бұзғандарды заңсыз босатып жіберген.

– «Олар мас емес, түсіндірме жұмысын жүргіздік, бір-бірімен татуластырдық, арыз-шағымы  болған соң, шығарып жібердік» дейді. Ал шын мәнінде куәлардың айтуынша, қазір қамауда отырған күдікті Қ.Сыдықов деген азамат сол жерде бір  полицияда жасайты Сайран есімді танысына звондап,көмек сұраған, – деді марқұмның ағасы Жолдыбек Әлиев.

Бір-біріне кек сақтағандар полиция пунктінен шыққан соң, қаланың шетіндегі шағынаудандардың біріне барып, жанжалды жалғастырған. Рысбектен 7 жас үлкен екі жігіт оны аяусыз соғып, талдырып тастапты. Есін жоғалтқан жәбірленушіні таныстары үйге кіргізіп, жатқызып, өздері дастархан басында көңіл көтеруді жалғастырған. Ал таяқтан талып қалған Рысбектің жан тапсырғанын таңға жақын ғана білген.

– Заңды қадағалаушы органдар полиция қызметкерлерді жауапкершілікке тартуын талап етем. Олардың қызметтегі әрекетсіздігі кесірінен адам өлді, ауыр қылмыс болды. Полиция қызметкерлері қызметін дұрыс атқарғанда, бауырым аман қалар еді, – деді марқұмның ағасы Жолдыбек Әлиев.

Тәртіп сақшыларының жауапсыздығына, қызметтеріне салғырт қарағанына қапа болған Рысбектің тумаластары полицияның үстінен арыз түсірген. Үш бірдей учаскелік полиция қызметкеріне қатысты жазылған арызды сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің департаменті тергеген. Алайда құқық қорғау органы бұл істі қысқартып тастаған.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті:

«Учаскелік полиция инспекторларының қызметтегі әрекетсіздік қылмыс құрамының анықталмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды. Сонымен қатар заң бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен мән-жайды жою мақсатында Маңғыстау облысы полиция департаментіне ұсыну енгізіліп, полиция қызметкерлері тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны хабарланады».

Марқұмның тумаластары істі жылы жауып қоймай, соңына дейін баратынын жеткізді.  Ал жас жігітті өлтіргендерге қатысты сот үкімі шығып, олар 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, Рысбек Әлиевтің артында жұбайы мен екі баласы қалды.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде жүк көліктерінен 8 рет ұрлық жасаған күдікті ұсталды