Полиция департаментінің мәліметінше, адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған
Алматыда ер адам күзетшіні көлігімен бірнеше мәрте басып өтіп, артынша аяусыз жұдырықтап, сабап өлтірген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сұмдық жайт Самал-3 ықшамауданындағы элиталы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан күзетші қақпаны жаба бастағанда, жеңіл көлікті тізгіндеген ер адамның оны бірнеше рет әдейі қаққаны анық байқалады. Артынша көліктен шығып, жұдырық астына алғаны көрінеді. Тәртіп сақшылары келгенде күдікті жасырынуға тырысып, 14-қабаттағы пәтеріне көтеріліп кеткен. Полиция қызметкерлері оны терезеден секірмек болған жерінен ұстап, қамауға алыпты. Ал күзетші өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмды. Марқұмның артында 3 баласы қалды. Полиция департаментінің мәліметінше, адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
– Кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, тұрғын үй кешенінің күзетшісі мен тұрғыны арасында жанжал шығып, нәтижесінде 45 жастағы ер адам күзетшіге ауыр дене жарақаттарын салған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстың мән-жайы анықталуда, – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Шарибаев.