Енесінің үйінен ет ұрлаған күйеубала сотталмақ

05.03.2021 20:13

Ет жегісі келген күдікті бұл әрекеті үшін алдағы екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімін темір торда өткізуі мүмкін

Енесінің үйінен ет ұрлаған күйеубала сотталмақ. Жамбыл облысында қылмыстың осындай қызық түрі орын алды. Енді ет жегісі келген күдікті бұл әрекеті үшін алдағы екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімін темір торда өткізуі мүмкін.

Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылында орын алған. 1 наурызда аудандық полиция бөліміне ауыл тұрғыны xабарласып, үйінің жанындағы қорасында жаюлы тұрған жылқы мен қой  етін белгісіз біреулер ұрлап кеткені туралы арызданған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында осы ауылдың 33 жастағы тұрғыны ұсталды. Ең қызығы ол - арызданушының келесі көшеде тұратын күйеубаласы болып шыққан. Анықталғандай, соғым етінің жайылып тұрғанын алдын ала біліп, қораның есігінің құлпын бұзу арқылы түнгі уақытта жасырын кірген. Тіпті, қойды сойған кезде туыстарының үйінде көмектесіп жүргені белгілі болды.

«Тергеу барысында күдікті жақын туысының үйіне ұрлыққа түскенде масаң күйде болғанын, соғым етін үйіне апарып асып жеу мақсатында қылмыс жасағанын мойындады. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұқтарқұлова.

Енді ет жегісі келген күдікті енесінің кешірмін алмаса сотталғалы тұр. Көрсетілген бапқа сәйкес, екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген екен.

Мерей Бает