«Ұрлыққа оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды
Ірі көлемде ақша ұрламақ болған 22 жастағы елорда тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған құрбысы ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері анықтағандай, жас жігіт астанадағы автоорталықтардың бірінің қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген. Компания сейфінде ірі көлемде ақша жатқанын білген ол ұрлық жасамақ болған. Жоспарын жүзеге асыру үшін 11-сыныпта оқитын 15 жасар құрбысын пайдаланған.
«Автоорталық кеңсесіндегі кезекті ауысымына кірісіп, түнде құрбысына хабарласып, жұмысына шақырады. Таңғы 05.00 шамасында олар балтамен кассаның пластик есігін бұзып, бөлменің ішіне кірген. Сол балтамен темір сейфті бұзбақ болғанда дабыл жүйесі іске қосылады. Мұндайды күтпеген жас жігіт пен оқушы қыз қылмыс орнынан қашып кеткен», – делінген мекеме хабарламасында.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шарасы барысында жұп Қоянды ауылы маңындағы ағаш отырғызатын аймақтан ұсталды. Жұптың айтуынша, олар ұрланған ақшаға шетелге қашып кетпек болған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Ұрлыққа оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп атап өтті полиция қызметкерлері. Қылмыстық іске кәмелетке толмағанды тарту ісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Оқушы ата-анасына табысталды.