ІІМ ақпарына сай, күдіктілер Запарожье қаласында 2 колл-орталық ашқан
Қазақстандықтарға қоңырау шалып, банк шоттарының дерегін алуға тырысқан күдіктілер ұсталды. Қазақстан, Украина және Чехия полицейлері бірігіп, интернет-алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобын ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv.
ІІМ ақпарына сай, күдіктілер Запарожье қаласында 2 колл-орталық ашып, сол жерден түрлі адамға өздерін банк қызметкері және құқық қорғау органдарының жұмысшысы ретінде таныстырып, банк шоттарынан ақша алумен айналысқан. Арнайы операция кезінде 9 адам ұсталған. Тінту барысында 17 компьютер, 62 мобильді құрылғы, сондай-ақ 35 грамм метадон препараты тәркіленді.
– Одесса қаласында 3 алаяқтық колл-орталық таратылды. Қаскөйлер жалған инвестициялық компанияларға қаржы салу сылтауымен интернет алаяқтық жасаған. Бұл жерде 23 адам ұсталды. 9 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту барысында 8 автокөлік, 58 ноутбук, 52 смартфон, 100-ден астам сим-карта, сондай-ақ 200 мың АҚШ долларынан астам соманың цифрлық активтері тәркіленді, – деді ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешов.