Ақжарқын Тұрлыбай ісі бойынша күдіктіні Қазақстанға экстрадициялауы мүмкін

22.06.2022 20:21

Ішкі істер министрлігі күдіктіні Қазақстанға экстрадициялауды қарастырып жатыр

Хабар 24

Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша күдікті Нигерияда ұсталған. Ішкі істер министрлігі күдіктіні Қазақстанға экстрадициялауды қарастырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы ҚР ІІМ күдікті Адиндо Нонсо Фортунеге қарсы қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған болатын. Қазақстандық адвокат Сұңқар Нұрмағамбетовтың айтуынша, Адиндо Нонсо Ақжарқын Тұрлыбайдың 2014 жылы Қытайға сапарын ұйымдастыруға байланысты, сондай-ақ есірткі контрабандасына қатысы бар деген күдікке ілінген.

«20 маусымда Нигерияда ҚР ҚК 259-бабының 2-бөлігінде (есірткі құралын немесе психотроптық затты заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) көзделген қылмыс жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген Адиндо Нонсо Фортуне ұсталды. Қазір қажетті материалдар Нигерия Интерполының Ұлттық Орталық бюросына оны қамауда ұстау және Қазақстанға экстрадициялау туралы одан әрі процессуалдық шешім қабылдауы үшін жолданды», - деп хабарлады ҚР ІІМ.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Ол 4,5 келі есірткі контрабандасы үшін қамауға алынып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Тұрлыбайдың үкімі бірнеше рет қайта қаралып, нәтижесінде өзгеріссіз қалды. Ақжарқын Тұрлыбай оны экстрадициялауды талап етіп жатыр, алайда Қытай соты қазақстандықты Отанына қайтарудан бас тартты.