Қылмыстық істі тергеу ІІМ-нің ерекше бақылауына алынды
Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкері әріптесін өлтірді деген күдікке ілінді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Кеше облыста патрульдік полиция инспекторының қайтыс болу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Бүгінде тиісті сараптамалар тағайындалды. Болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажет тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. 36 жастағы күдікті – жәбірленушінің серіктесі уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп жазылған ШҚО ПД таратқан хабарламада.
Оқиға орнына облыс прокуроры, Полиция департаментінің басшысы, жеке қауіпсіздік департаментінің басшысы, сондай-ақ ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі барды.
Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынды.