Заңсыз тауар белгісі: Алматыда 2 мыңнан астам өнім тәркіленді

27.01.2023 20:27

Жалпы құны 2 млн 600 мың теңгеден асады

Almaty.tv

Алматыда соңғы 2 жылда заңсыз тауар белгісімен таралған 2 мыңнан астам өнім тәркіленген. Олардың жалпы құны 2 млн 600 мың теңгеден асады. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 920 мың теңге айыппұл арқалаған. Бұл туралы қалалық Әділет департаментінің мамандары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Заңсыз тәркіленген заттардың басым бөлігі тұрмыстық химия, алкоголь өнімдері, киім-кешек және автомобиль бөлшектері. Айта кетейік, 2019 жылдан бері шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланғаны белгілі. Әділет департаментінің мамандары тек жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен шағым бойынша жұмыс жүргізуге құқылы.

«Аталған объектілерді заңсыз пайдаланғаны үшін жеке тұлғаларға 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, тауар белгісі, заңсыз белгінің бейнесі бар тауарлар тәркіленіп, жойылады», – деді Әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы Еркебұлан Жетпісбаев.