Қаржы мекемесіндегі тұраққа келіп тоқтаған ер адамға екі белгісіз адам күш қолдану арқылы 500 мың теңгесін алып қашқан
«Ұрлық түбі – қорлық». Қарағанды қаласында 59 жастағы тұрғынды тонап кеткен қарақшылар ұсталды. Оқиға 30 маусым күні банктердің бірінің алдында орын алған. Қаржы мекемесіндегі тұраққа келіп тоқтаған ер адамға екі белгісіз адам күш қолдану арқылы 500 мың теңгесін алып қашқан, деп хабарлайды Almaty.tv
Бұл туралы хабарлама жергілікті полиция басқармасына сағат 20:00-де келіп түскен. Оқиға орнына барған тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, тоналған азамат азық-түлік тауарлары сатылатын кәсіпорнында менеджер болып жұмыс істейді. Сол күні ол көтерме сауда ұйымынан жеткізілген өнім үшін 20 миллион теңге алып, ақшаны бас кеңсеге аудару үшін банкке барған. Бірақ, белгісіз біреулер қолындағы ақша салынған сөмкені жұлып алмақшы болғанда пакеті жыртылып, жерге түскен 500 мың теңге бума ақшаны ғана өздерімен алып кеткен. Құзырлы орган қызметкерлерінің айтуынша, қарағандылық азамат полицияға 3 сағаттан кейін хабарласыпты. Бұл уақытта күдіктілер қаладан кетіп үлгерген. Қазір олардың 22-28 жас аралығындағы қарағандылықтар екені анықталып, «Қарақшылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
«Жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижиесінде және сол оқиға орны болған жердегі бейнекамераларды талдау барысында қылмысты жасаған топ анықталды. Қарағанды облыстық департаментінің және қалалық полиция бөлімінің қызметкерлерімен қылмысты жасаған 3 адамнан құралатын топ Шығыс Қазақстан облысының аумағында қолға түсті»,– деді қалалық ПБ КПБ бастығы Ескендір Әубәкіров.