Алматыда өткен жылы ақпан айында емделуші өз дәрігерін аңшы мылтығымен атып өлтірген болатын
Алматыда дәрігер Юрий Шумковтың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін айыпталушы қылмысты қалай жасағынын айтып берді, деп хабарлпайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, дәрігерлер екі жыл бойына оған нақты диагноз қоймай, екі ортада сандалтып қойған. Ал емге қажет қаражатты табу үшін қолда бар бағалы зат пен көліктерінің бәрін сатқан көрінеді. Сотталушы эндоскоппен тексергеннен кейінгі жағдайының нашарлағанына Юрий Шумковты кінәлайды. Бүгін судья алдында сөйлеген айыпталушы денсаулығына дұрыс қарамаған дәрігерді бастапқыда мылтықпен қорқытпақ болғанын айтты. Оны өлтіріп, қанды қылмысқа бару ойымда да болмаған деді.
«Шумковты қорқытып, одан шындықты білгім келді. Мен мылтықты оқтап, барынша Шумковтың көлігіне жақындадым. Қаруды көтеріп тұрып, «Шық, сөйлесуіміз керек» дедім. Шумков маған қарап, қолымен бірнәрсе іздей бастады. Мен оның қолынан қара бірнәрсені байқадым. Қолындағысы қару екен деп ойлап, атып жібердім. Ол көліктен түскенде қайтадан тағы бір рет аттым», – деді айыпталушы
Еске салайық, Алматыда өткен жылы ақпан айында емделуші өз дәрігерін аңшы мылтығымен атып өлтірген болатын. Қанды қылмыс таңғы уақытта көлік тұрағында болған. Юрий Шумковты атқан соң, күдікті жол бойында тұрған көлікке мылтығымен мініп, оқиға орнынан ізін суытқан. Полицейлер оны бір сағатқа жетпей ұстады. 22 қараша күні болған сот отырысына марқұм дәрігер Юрий Шумковтың әйелі келіп, өтемақы ретінде 105 млн теңге сұраған еді.