Жетінші қабаттан пәтер жалдап, терезеден секіріп кеткен Асылжан Абдуллаев – Ақтөбедегі авиация училищесінің курсанты
Талдықорғанда екі күн бұрын қайтыс болған жасөспірімнің ата-анасы өлімге басқа нәрсе себеп болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қайғылы жағдай осыдан 2 күн бұрын болған. Дегенмен оқиға орнында қып-қызыл қан іздері әлі жатыр. Жетінші қабаттан пәтер жалдап, терезеден секіріп кеткен Асылжан Абдуллаев – Ақтөбедегі авиация училищесінің курсанты. Қысқы демалысқа үйіне келген бозбаланы әкесі Алматыға жол жүру үшін таксиге мінгізіп жібергенін айтты. Бірақ оның Талдықорғанда қайтыс болғанын естігенде төбесінен жай түскендей күй кешкен. Марқұмның ата-анасы баламызды өлімге бәзбіреулер итермелеуі мүмкін деп топшылайды.
– Ол өзіне қол сала алмайды. Біреу дайындаған шығар? Таксиден түсіп, 3 сағатқа пәтер жалдап, оның ақшасын төлеген. Демек, кінәлі адам бар, – деді марқұмның әкесі Асхат Мыңжасаров.
– Кішкентайынан тәп-тәтті ерекше бала болды. Өзіме қатты жақын еді. Папасы да, мен де ерекше жақсы көрдік. Мінезі өте жақс, сыныбында сыйлы болды. Бәрі «Аса» деп еркелететін. Үйден шыққанда да көңіл күйі жақсы болды, – деді марқұмның анасы Анаргүл Мыңжасарова.
Қайғылы оқиғаға қатысты тергеу бастаған полиция жас жігіттің мұндай сұмдық қадамға не үшін барғанын анықтауға кірісті.
– Полицейлер өзін-өзі өлтіруге жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу әрекеті жүргізілуде, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.
Айта кетейік, өңірде соңғы жылдары жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кеткен. Мәселен жыл басында Алакөл аудандық мәслихаты депутатын өлтіріп кетсе, іле-шала қала көшелерінің бірінен тамағы кесілген екі адамның денесі табылған. Десе де, облыстық полиция департаменті аймақта криминалды ахуал тұрақты деп хабарлап отыр. Олар күнделікті тәртіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты жұмыстар атқарылып, іс дер кезінде жабылатынын айтты.
Диана Тұрлыбек, Ғабит Қабдырахман, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысынан
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында оқушылар мінген автобус жол апатына ұшырады