TikTok желісінде құмар ойын өткізген аккаунттар анықталды

30.05.2023 20:34

Екі азамат 4 айда 13 миллион теңге заңсыз табыс тапқан

el.kz

Құмар ойындар казино мен аппараттардан бөлек, TikTok желісі арқылы да көптеп ұйымдастырылатын болған. Қаржылық мониторинг агенттігі 100-ден астам онлайн ойын өткізетін аккаунт анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соның арқасында Алматыда екі азамат 4 айда 13 миллион теңге заңсыз табыс тапқан. Олар 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Агенттік өкілдерінің айтуынша, құмар ойындар негізінен сүйек лақтыру, карта, онлайн рулетка арқылы өткізіледі. Барлық жерде принцип бірдей, бәс тігуге шақырады. Оның төрттен бірі ұйымдастырушыда қалады, қалғанын жеңімпаз алады. Бәс тігуді қабылдау және ұтыстарды беру банктік онлайн аударым арқылы жүзеге асырылады.

– ҚР Қылмыстық кодекстің 307-бабында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Осы қылмыс үшін бірнеше адам сотталған. Сонымен қатар, қазіргі уақытта сот TikTok желісінде ұқсас мазмұндағы контент үшін 4 ұйымдастырушыға қатысты іс қаралуда. Құрметті азаматтар, қырағы болып, осындай құмар ойындарға араласпауыңызды сұраймыз. Бұл заңға қайшы, – деді ҚР Қаржылық мониторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.