|
17.09.2021 | 15:42
6456

Таразда бүлдіршінді бетон басып қалды

Оқиға теміржол депосының ескі қоршауының салдарынан болған

Таразда қайғылы жағдай орын алды. 8 жасар баланы бетон қабырға басып қалып, бақилық болды. Оқиға теміржол депосының ескі қоршауының салдарынан болған. Жеткіншек сынық қабырғадан сығалаймын дегенде, бетон бөлшегі опырылып бүлдіршіннің басын басып қалған. Оқиға орнынан Almaty.tv тілшісі Мерей Бает баяндайды. 

Оқиға шаһардың шеткі аудандарының бірінде болған. 3 қатарлы ескі қоршаудан тұратын мына қабырғаның ортасы сынық болған. 8 жасар бала, арғы жағындағы жүк көліктерін қызықтаймын деп қарағанда жарықша одан әрі жарылып, үстіңгі бөлігі баланы жаншып қалған. Қазір мұнда анасын қан жылатқан ауыр жағдайдың айғайғы ретінде қан іздері ғана қалған.

«Мен бір баламнан ажырап отырмын. Басқа да балаларым бар. Солар үшін шығып, бір ауыз айтуға тура кеп тұр. Өздеріңіз көріп отырсыздар бетондардың түрін. Бұл енді үлкен адамды басып қалса да, тірі қалдырмайды ғой. Бәрі сынық қанша жылдан бері. Біздің тұрып жатқанымызға 5 жыл болып қалды», – деді баланың анасы Гүлсім Әлімбекова.

Қайғылы жағдайдан соң қарашаны үрей билеген. Олар жаяу жүргіншілер жолы жоқ болғандықтан, көліктен қашып сол қабырғаларға тақала жүруге тура келетінін айтады. Сондықтан өз өмірлеріне алаңдаулы.

«Қауіпті екені рас, мына жерде 3-4 жыл бұрын да осындай жағдай болған. Күнде мектепке баратын балаларымыз бар. Ата-аналары жұмыста», – деді  қала тұрғыны Ғалия Әлімбекова.

«Бетон әрең құлайын деп тұр. Ауыстыратын ешкім жоқ. Оны кімге барып айтуымыз керек», – деді қала тұрғыны Әлия Қадырова.

Баланы бақилық қылған қабырға Теміржол депосына қарасты дейді тұрғындар. Сондықтан, іздеп бардық. Бірақ мекеме инженері, ортадағы дәл сол аумақ бізге қатысы жоқ дейді.

«Оқыс оқиға болған жер бізге қарамайды. Бұрыннан бізге қарамайды ол банкте кепілде тұрған», – деді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ «жамбыл магистралдық желі бөлімшесі» филиалы базасының жетекші инженері Өсиет Тазабеков.

Түсінгеніміз, шақырымға жуық базаның дәл ортасындағы 100 метрден сәл асатын жер жеке кәсіпкерге тиесілі екен. Бірақ олар, қаралы үйге 3 күннен бері қарасын да көрсетпепті.  Жер иесін іздеп жүріп ақыры таптық. Бірақ ол сәлден соң сұхбатқа сай киініп келем деп сол күйі жоқ болып кетті. Ал, құзырлы органдар бұл жайтты кездейсоқ болған қайғылы жағдайға балап отыр.

Мерей Бает «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир